"Астана Банкі" АҚ салымшыларына агент өтем төлеу жалғасады

936

"Астана Банкі" АҚ салымшыларына өтем төлеу жалғасады. Депозиттерге кепілдік беру қоры агент банк – "Еуразиялық банк" АҚ-мен арадағы келісімнің қолданылу мерзімі 2021 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

 "Астана Банкі" АҚ салымшыларына агент өтем төлеу жалғасады

Еске саламыз, "Астана Банкі" АҚ-да шоттары, төлем карточкалары және депозиттері бар салымшылар (жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер) өтем алуға құқылы. Теңгелік депозиттер бойынша (салымдар, ағымдағы шоттар және төлем карточкаларын қосқанда) ең жоғары төлем сомасы – 10 миллион теңге; шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңге.

Бір салымшының "Астана банкі" АҚ-та теңгеде және шетел валютасында орналасқан депозиттері бойынша төленетін жиынтық шекті сома – 15 миллион теңге. Бұл жерде әрбір депозит түрі бойынша шекті сома ескеріледі.

Барлық төлемдер тек теңгемен жүзеге асырылады. Шетел валютасындағы салымдар бойынша өтем сомасы банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні – 2019 жылдың 9 қаңтарына қарай қалыптасқан валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша есептеледі.

Жеке өзі келген жағдайда салымшының жеке басын куәландыратын құжаты болса жеткілікті, ал сенім артылған тұлға келетін болса, құқық белгілеуші құжаттарды ұсынады (мысалы, нотариус куәландырған сенімхат).

Салымшылар кепілдік берілген өтем алудың өздеріне ыңғайлы кез келген тәсілін: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, ақшаны агент банктегі банк шотына аудару немесе кез келген басқа банк арқылы алуды таңдауға құқылы. Бұл ретте банк деректемелері салымшының өтінішінде нақты көрсетіледі.

Агент банкі "Астана Банкі" АҚ салымшыларына өтемді 2019 жылғы 26 қаңтардан бастап Қор атынан және қаражаты есебінен төлейді. Екі жарым жылда "Астана Банкі" АҚ салымшысы жалпы сомасы 37,2 млрд теңгеге кепілдік берілген өтем алды. Бұл Қор міндеттемелерінің жалпы сомасының 99 пайызын құрайды. Бұл ретте өтем алуға 63 мыңнан астам немесе салымшылардың жалпы санының 23 пайызы өтініш берген.

Сонымен қатар, 205 мыңнан астам салымшы өтем алуға әлі өтініш берген жоқ. Агент банкке келушілер санының аз болуы "Астана Банкі" АҚ-та ашылған шоттар мен депозиттердегі қалдық ақшалардың аздығына байланысты болып отыр. Нақты айтар болсақ, 165 786 салымшының әрбірінің шотындағы қалдық ақша 1000 теңгеден төмен, сондай-ақ 30 015 салымшының шоттарында – 1 000 теңгеден 5 000 теңгеге дейін болса, 4 766 салымшыда – 5 000 теңгеден 10 000 теңгеге дейін бар.

Дегенмен "Астана Банкі" АҚ-тағы шоттарында 100 000 және 1 000 000 теңгеден астам қаражат жинаған салымшылардың да бар екенін айта кеткен жөн. Қордың кепілдік берілген өтемді алмаған салымшылар алдындағы міндеттемелерінің қалдық сомасы шамамен 160 млн теңгені құрайды.Сондықтан Қор осы және кепілдік берілген өтемді алуға құқығы бар басқа да салымшылар үшін агент банк арқылы төлем алу мерзімін соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін ұзартты.

2022 жылдың 1 мамырынан кейін "Астана Банкі" АҚ салымшылары бұрынғыдай Қорға өтем алуға тікелей өтініш бере алмайды. Қор талап етілмеген кепілдік берілген өтемді Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасына сәйкес депозитордың атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған, ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударады.

Қор кепілдік берілген өтемді алу үшін агент банктің бөлімшелеріне соңғы күнін қоса санағанда 2022 жылдың 1 мамырына дейін жүгінуге табанды түрде кеңес береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу