Астана базарында өлген малдың еті сатылғаны туралы ақпарат жоққа шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Базарларда ветеринариялық-санитариялық инспекторлар күн сайын құжаттық және физикалық бақылауды, сондай-ақ жануарлардан алынатын өнімдерге ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізеді. Барлық мал өнімдері тек қауіпсіздігі мен шығу тегін растайтын ветеринариялық құжаттармен бірге нарыққа шығарылады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрлік су тасқыны салдарынан қырылған ауыл шаруашылығы жануарларының, үй жануарларының және құстардың өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.