Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан су-энергетикалық әріптестікті 2026 жылға дейін келісіп алды

186

Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетика және су шаруашылығы ведомстволарының үшжақты кездесуі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан су-энергетикалық әріптестікті 2026 жылға дейін келісіп алды Фото: Энергетика министрлігі

Басқосу нәтижесінде өңірдің су-энергетикалық теңгерімін реттейтін бірқатар хаттамаларға қол қойылды. Қазақстан делегациясын Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бастап барды.

Негізгі құжатта Тоқтағұл су қоймасынан су жіберуді қамтамасыз ету бойынша тараптардың міндеттемелері нақты көрсетілді.

Келісімге сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Сонымен қатар, Ресей Федерациясынан Қырғызстанға электр энергиясын Қазақстанның энергетикалық жүйелері арқылы транзиттеу шарттары да келісілді.

Аталған шаралар су қоймасындағы су деңгейін қажетті мөлшерде ұстап тұруға және алдағы вегетациялық кезеңде еліміздің оңтүстік өңірлерін суармалы сумен қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Сапар аясында екіжақты келіссөздер де жүргізілді. Өзбекстан тарапы 2026 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанға шамамен 900 млн кВт-сағ көлемінде электр энергиясын жеткізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды.

Бұл келісім еліміздің оңтүстік аймағында жоспарланған электр станцияларын жөндеу жұмыстары кезінде туындауы мүмкін энергия тапшылығын болдырмауға бағытталған.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, су-энергетика саласында әрбір қадам дәлдік пен келісілген кестеге сай жүргізілуі тиіс.

– Қол қойылған хаттамалар – көрсеткіштері, мерзімі мен бағалары көрсетілген нақты жұмыс құжаты. Біз жеткізудің техникалық шарттарын нақтылап, өзекті мәселелерді шештік. Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындайды және серіктестер тарапынан да осындай ұстанымды күтеді. Бұл өңірдің энергетикалық және су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі, – деді ол.

Жасалған келісімдер алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ келесі вегетациялық маусымға болжамды су қорын жинауға қолайлы жағдай жасайды. Бұл – еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі аграрлық сектор үшін маңызды фактор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу