Еліміздің сыртқы істер министрлігі Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Euronews-ке берген сұхбатында айтқан сөзіне байланысты қырғыз тарапынан түсінік беруді күтіп отыр, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Алмазбек Атамбаев өткен аптаның соңында Еуропаға іссапарға барып, Euronews телеарнасына сұхбат берді. Ол сұхбат барысында тілшінің Еуразиялық экономикалық одақ туралы сұрағына жауап беру кезінде Қазақстанды тілге тиек етті.
"Бізге біреумен сауда жасау қажет, қалай болғанда да көршілермен жұмыс істеуіміз керек. Егер біз Еуразиялық экономикалық одаққа енбесек, бізге блокада қаупі төнетін еді. Қазақстан бізге 1,5 ай бойы блокада құрған 2010 жылы бізде тіпті адам шығыны да болды. Сондай жағдай болды, өйткені блокада – ол жаман нәрсе", – деген Атамбаев Қырғызстан қазір де Еуроодаққа енуге дайын екенін атап өтті.
Дүйсенбі күні еліміздің сыртқы істер мекемесі осыған қатысты өз ұстанымын жария етті.
"Қырғызстан президентінің бұл айтылғанын назарға алып, қазіргі таңда қырғыз тарапының түсінігін күтіп отырмыз", – деп мәлім етті СІМ баспасөз қызметі.