Astana Business Campus инновациялық кластері Өзбекстанда ең үздік деген стартап жобаларға байқау жариялады, деп хабарлайды 24.kz.
Назарбаев Университеті мен АҚШ елшілігі бірлесіп қолға алған жеделдету бағдарламасы Tech Central Asia деп аталады. Шараға мұрындық болған Өзбекстанның инновациялық даму министрлігі ауылшаруашылығы мен құрылыс саласына қатысты стартап жобаларға көбірек көңіл бөліп отыр. Өйткені бұл екеуіне сұраныс көп және аталмыш салаларға инновациялық жаңалықтарды көбірек ендіру қажет дейді мамандар.
Назарбаев университеті ұсынған жоба еліміздің төрт облысы мен көрші Өзбекстан, Қырғыз және Тәжікстан мемлекеттерін қамтиды. Бұл сол елдердегі жаңа стартап жобаларды іздеп тауып, оны жүзеге асыруға бағытталған. Үздіктер Astana Business Campus инновациялық кластерінің базасында бизнес инкубатор жобасы мен коммерцияландыру үрдісін үйренеді. Аталмыш орталық үш жылда 100-ден астам жобаны іріктеп, оның 50-ін қаржыландырған.