Астана даңғылын елбасының есімімен атау ұсынылды

803

Астана даңғылын елбасының  есімімен  атау ұсынылды

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Басқосуға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық мәслихат хатшысы, облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық, аумақтық департамент, басқарма басшылары  қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында баяндама жасаған облыстық мәслихаттың мемлекеттік-құқық мәселелері және жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов облыстың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан Астана даңғылын еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен  атауды ұсынды. Халық қалаулысының бұл ұсынысын маслихат депутаттары бірауыздан қолдады. 
Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы елбасымыз биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері"  атты Жолдауында аталған негізгі 10 бағыт бойынша атқарылуға тиіс жұмыстарға тоқталды.
Өңір басшысы 2018 жылы облыстық бюджет көлемі 504,6 млрд теңгеге ұлғайып отырғанын да  жеткізді. Ол сондай-ақ, биылғы жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға және микрокредиттеуге 6,8 млрд теңге қарастырылып отырғанын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу