Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 26-турындағы бес ойынның нәтижесі анықталды.
Биылғы бәсеке тартысты өтті. Ел чемпионы соңғы турда белгілі болды. Бұл атақтан "Астана" мен "Ақтөбе" командалары үміткер еді.
Аталған турда "Астана" сырт алаңда Қарағандының "Шахтер" командасымен кездесті. Ойын барысында елордалық клубтан Педро Эуженио 26, Марин Томасов 38-минуттарда гол соқса, оған 44-минутта Темур Чогадзе бір голмен жауап қайырды. Екінші кезеңде Марин Томасов 62-минутта басымдықты арттырса, Евгений Кобзарь 82-минутта мергендік танытты. Нәтижесінде "Астана" қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, биылғы ел чемпионы атағына ие болды.
Ал, "Ақтөбе" өз алаңында Алматының "Қайратын" қабылдады. Кездесуде алматылық Жоао Паоло 33-минутта есеп ашты. Одан кейін алаң иелерінен Әлібек Қасым 38-минутта пенальтиден мүлт кетпесе, Рожерио дус Сантус Алвес 49, 51-минутта қос голдың авторы атанды. Екінші кезеңде ақтөбелік командадан Арман Кеңесов 69-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Кездесуде "Ақтөбе" қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Аталған турдағы қалған үш ойынның нәтижесі төмендегіше:
"Ақжайық" (Орал) - "Тобыл" (Қостанай) 1:3
"Тараз" - "Тұран" (Түркістан) 2:3
"Қызылжар" (Петропавл) - "Каспий" (Ақтау) 4:1
Дәл қазір "Ақсу" (Павлодар облысы) мен "Атырау", "Мақтарал" (Түркістан облысы) мен "Ордабасы" (Шымкент) командалары кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігі мәресіне жетті.