Астана халықаралық әуежайы сотқа талап-арыз түсірді

927

Астана халықаралық әуежайы І терминалда шатырдан су кетуіне байланысты жағдайды түсіндірді. Қолайсыздықтар үшін әуежай басшылығы жолаушылардан кешірім сұрайды.  

Астана халықаралық әуежайы сотқа талап-арыз түсірді Фото: inform.kz

"Астана халықаралық әуежайының дерегінше, нысан 2017 жылы пайдалануға берілген. Шартқа сәйкес мердігер орындалған жұмыстардың сапасына және тірек пен қоршау конструкцияларына 10 жыл мерзімге кепілдік берген. Алайда, әуежай қызметтері  шатырдан су кету мен қону қақпаларына қатысты кемшіліктерді анықтаған", - деп жазады inbusiness.kz Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуежай тарапынан мердігерге бірнеше рет кемшіліктерді жоюды талап ететін хаттар жолданған. Алайда, бүгінгі күнге дейін мердігер тарапынан ешқандай шара қолданылмапты. 

"Сонымен қатар, Т-1 Халықаралық терминалының шатырынан су кету себептерін анықтау мақсатында әуежай техникалық тексерулер жүргізді. Нәтижесінде Т-1 терминалының шатырының құрамы бекітілген жобаға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл факт шатырды ашып, тексеру нәтижесінде анықталды. Әуежай Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына объектіні пайдалану процесінде табылған, шартта және жобалау - сметалық құжаттамада көзделген талаптардан ауытқумен орындалған жұмыстардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды жүктеу туралы талап арыз берді", - делінген хабарламада.

Астана халықаралық әуежайы қазір дереу қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен. Өз кезегінде мердігер жақын арада ескертулерді жоюға міндеттелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу