"Астана" халықаралық әуежайының бас бухгалтері 11 жылға сотталды

728

Күдіктілерге 1,6 млрд теңге жымқырды деген айып тағылған болатын. 

"Астана" халықаралық әуежайының бас бухгалтері 11 жылға сотталды

Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданындағы №2 соты "Астана халықаралық әуежайы" АҚ-ның бас бухгалтері мен бірнеше қызметкерін 1,6 млрд теңге жымқырып, пара берді деген шешіммін бас бостандығынан айырды.  

"Сот үкімімен "Астана" халықаралық әуежайының бұрынғы бас бухгалтері А.Е. Бабашева 11 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Е.Е. Бабашев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Бухгалтерияның бұрынғы қызметкерлері Б.К.Үзденбаева, З.С.Палманова 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Дәл осындай жаза арқалаған Б.Б. Баяндинаның мерзімі қос бірдей жас баласы болуына байланысты 5 жылға кейінге шегерілді. Сондай-ақ, С.С. Елубаеваның 7 жылдың мерзімі жүктілігіне байланысты 1 жылға кейінге шегерілді. Әуежай өкілдерінің жымқырған ақшасына жалған шот фактура рәсімдеген компаниялардың директоры М.М. Сейтова 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді", - деп жазылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми мәліметінде.  

Сондай-ақ, әуежайдың бұрынғы бас бухгалтері өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды міндет атқару құқығынан айырылды. Басқа сотталғандар ақша және тауар-материалдық құндылықтардың есепті айналымымен байланысты қызметпен 10 жыл бойы айналыса алмайды. Сотталған азаматтардың бәрінен тәркіленген мүлік 401 миллион теңгеге бағаланыпты. Оның бәрі кәсіпорынға келтірілген залалдың орнын толтыруға бағытталса керек.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі А.Е.Бабашева әуежайдың қаржы-шаруашылық қызметін тексертпеу үшін 16 млн теңге пара бермек болды деген күдікпен ұсталған болатын. Ол, сондай-ақ, өз жақтастарымен бірге жалған келісімшарттар мен жұмыстар бойынша жалған шот-фактуралар шығаратын 30-дан астам фирманың есепшотына 1,6 млрд теңге аударды деген күдікке ілінген еді.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу