Finnair әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағыты бойынша қайта ұшуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ИДМ азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
Хельсинки қаласында көлік және логистика жөніндегі Қазақстан-Финляндия жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Отырыс барысында тараптар екі елдің көлік саясатының ағымдағы міндеттері және басымдықтары туралы ақпаратпен алмасты.
Сонымен қатар, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Фин тарапы Астана-Хельсинки тікелей рейсін тұрақты негізде орындауға қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ, кездесу аясында осы жылдың мамыр айында қол қою жоспарланған Әуе қатынасы туралы "көлденең элементтерімен" жаңа келісімнің мәтіні пысықталды.
Finnair әуе компаниясы Астана-Хельсинки бағыты бойынша 2018 жылғы 3 шілдеден бастап қайта ұшуды жоспарлап отырғанын атап өткен жөн. Рейстер Airbus 319 әуе кемесімен орындалады деп жоспарланған. Қазіргі уақытта билеттердің сатылымы басталды.
Жалпы, Қазақстан мен Финляндия арасында көлік саласындағы екіжақты қарым-қатынастар оң серпінмен дамып келеді.