Түзетулердің бірінші бөлігі "Astana Hub" пен "Инновациялық технологиялар паркін" біріктіруге бағытталған. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Оның аясында "Инновациялық технологиялар паркі" бірыңғай дербес кластерлік қорында өкілеттіктерді біріктіру, функцияларды нақтылау, негізгі ұғымдарды түзету және басқаруды оңтайландыру көзделіп отыр. Барлық өзгеріс заңнаманы жаңа құрылымның қажеттіліктеріне сәйкес келтіруге бағытталған. Осы блокты іске асыру қолдау құралдарын шоғырландыруды, қайталанатын функцияларды жоюды, 2025 жылға қарай тиімділіктің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етеді. "Astana Hub"-тың IT саласындағы табысты тәжірибесін басқа инновациялық бағыттарға кеңейтуге мүмкіндік береді", – деді Қаныш Төлеушин.
Вице-министр Astana Hub-ты қаржыландырудың негізгі көздеріне мемлекеттік тапсырманы орындау үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат пен технопарк қатысушыларынан алымдары жататынын жеткізді.
"Қор коммерциялық емес ұйым болғандықтан, заң жобасында "алымдар мен төлемдер" терминін олардың нақты мақсатын көрсететін "мүшелік жарналарға" ауыстыру ұсынылып отыр. Тиісті өзгерістер мемлекеттік тапсырмаға кететін шығыстарды қысқартуға, Astana Hub-тың өзін-өзі ақтауын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде бұл қатысушылардың тұрақты қолдауын қамтамасыз етіп, елдің IT-экожүйесін дамытады", – деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.