6 қарашада Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің іске қосылғанына 3 жыл толды. Осы уақыт ішінде қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Бұл туралы Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры Мағжан Мәдиевтің мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
“Біріншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылдан бастап жыл сайын 500 млн $ АҚШ мөлшерінде IT-саласының экспортын қамтамасыз етуді тапсырды. 500 млрд теңге инвестиция тарту және 100 000 заманауи, жоғары білікті IT-мамандарды дайындау – бұл зор мақсат”, – деді спикер.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін салада IT-таланттар, технологиялық таланттар маңызды рөл атқарады.
“Әлемнің көптеген экономикалары үшін бұл “жаңа мұнай” секілді. Басқа дамыған елдерде адами капиталдың рөлі басым. Astana Hub-тың міндеті – тиісті таланттар үшін қолайлы орта, экожүйе құру. Біз жас командалардан бастап ірі IT-бизнеспен қоск, IT-бизнестің өсуінің барлық кезеңдерінде жұмыс істейміз. Бірінші кезеңде таланттарды тартамыз, оларды оқытамыз, жобаларын дамытамыз, бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін ұсынамыз әрі соңғы кезеңде өз IT-компанияларымызды халықаралық нарықтарға шығаруға көмектесеміз. Жұмыстың бірінші кезеңі шеңберінде ТМД елдеріне назар аудара отырып, халықаралық аренада технологиялық таланттар үшін жарысқа түсеміз, көрші елдерден компанияларды белсенді түрде тартамыз, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейміз", – деді технопарк басшысы.
Жұмыстың көп бөлігі танымал ету, ақпараттық жұмыс құрайды. Технопарк жастар мен олардың ата-аналарына IT-саласында кең мүмкіндіктерге жол ашатынын насихаттау үшін бар күшін салуда. Бұл мақсатта қазақ тілінде қысқа метражды фильмдер сериясын түсірген.
Айта кетейік, IT-алаңда онлайн және офлайн режимде 1 000-нан астам іс-шара өткізілді, оларға 55 000 адам қатысты. Коучтар осы саладағы жетістікке жету тәжірибесімен бөліскен. Ал таланттарды тарту үшін жеңілдетілген визалық режим қолданылады. 574 компания ресми түрде Astana Hub резиденті. Жалпы алғанда, 10 000 аса жұмыс орны құрылып, осы күнге дейінгі ұйымның табысы 166 млрд теңгеден асты.