Еліміздің мал және құс шаруашылығы жылына 5 млн тонна құрама жемді қажет етеді. Ал отандық зауыттар оның тек жартысын ғана шығаруға қауқарлы. Осы мақсатта биыл қосымша өндіріс орындары ашылған. Олардың қазіргі жағдайы қандай және жаңа кәсіпті жерлестеріміз қалай меңгеріп жатыр? Бұл туралы 24.kz. хабарлайды.
Астана іргесіндегі құрама жем зауыты биыл ғана іске қосылды. Кезінде Меделбек Ағыбаев бизнес жоспарын құрып, жеңілдетілген несие алған. Қазір айына 300 тонна жем шығаратын кәсіпорын өнімін шаруаларға сатып отыр.
"Қазір зауыт құрама жемнің 40 түрін шығарады. Негізгі сұраныс ірі қара мен құстардың қорегіне қатысты. Сонымен қатар жеке тапсырыстарды да қабылдаймыз", - дейді зауыт қожайыны Меделбек Ағыбаев.
Экологиялық таза жемді өндіретін жабдықтар Беларусь елінен жеткізілген. О баста Ресей мен Қытай техникалары да ұсынылыпты. Бірақ, кәсіпкер қымбат бағаға қарамастан, сапалы өнім дайындайтын аппаратқа таңдау жасайды. Сонымен қатар осындай өндіріс ошақтарын ашқан кезде оның орналасқан жеріне де үлкен мән беру керектігін айтады кәсіпкер. Мәселен, дәл осы құрама жем зауыты Астана мен Ақмола облысын жалғайтын негізгі тас жолдың бойында орналасқан. Яғни бұнда күні-түні көлік ағыны тоқтамайды. Сәйкесінше, кез келген мал шаруашылығы бар адам осы жерге аяңдап, кемінде 2 қап жем алып кетеді екен. Айналып келгенде бұл – кірістің көбеюіне, өндірісті ұлғайтуға және жалпы бизнестің алға басуына айтарлықтай әсер ететін фактор.