Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов қала тұрғындарына құттықтауын жеткізді.
"Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!
Сіздерді Елордамыздың төл мерекесі – Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Астана күні - тәуелсіз ел тарихындағы айрықша мейрам. Елорда – тәуелсіздігіміздің символы, ел дамуының локомотиві және барша қазақстандықтардың ортақ мақтанышы. Биыл Елорданың Қазақстан астанасы болғанына 19 жыл. Осы уақыт ішінде қаламыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бас болуымен экономикасы қуатты, еңсесі биік, өркендеген шаһарға айналды. Қазіргі таңда Елорданы әлемнің ең үздік отыз қаласының қатарына қосу жұмыстары қызу жүргізілуде.
Еуразия төрінде өзіндік сән-сипаты қалыптасқан, дәулеті мен сәулеті келіскен мегаполистің бой көтеруі сан ғасырлық бабалар аманатының орындалуы деп білемін. Астанамыз өркендей берсін.
Дендеріңізге саулық, істеріңізге береке тілеймін!
Құрметпен, Әсет Исекешев"