Астана көшелерінің біріне мажар ақыны Шандор Петефи есімі беріледі

345

Қазақстан Мажарстанмен өзара тиімді қарым-қатынасты бұдан әрі тереңдетуге мүдделі. 

Астана көшелерінің біріне мажар ақыны Шандор Петефи есімі беріледі Фото: Inbusiness.kz

Астана көшелерінің біріне мажар ақыны Шандор Петефи есімі беріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Бауырлас Қазақ еліне қош келдіңіз! Қазақстан сіздің атамекеніңіз деп айтуға болады. Себебі тамырыңыз осы жерден бастау алды. Өзіңіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі, мойындайды. Сіздің сапарыңыз өте маңызды. Екі ел арасындағы ынтымақтастыққа күшті серпін береді деп сенеміз. Қазақ пен мажар ежелден сыйластығы жарасқан  туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған Қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, тарихи тамырластық және тығыз байланыстар бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болды.

"Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған Құрметті Премьер-Министр мырза сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты бұдан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін", - деді ол.

Президент екіжақты тауар айналымын ұлғайтуға басымдық беру керек екенін баса айтты.

"Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 20 пайызға ұлғайды. Соған қарамастан тауар айналымы әлі де болса соншалықты көп емес. Естеріңізге сала кетейік, тауар айналымын 1 млрд долларға дейін ұлғайту үшін мүмкіндік бар. Осыны іске асыру үшін практикалық шара қабылдауымыз керек. 30-дан астам мажар компаниясы және 40-қа жуық бірлескен кәсіпорын Қазақстанда табысты жұмыс істеп келеді. Біз энергетика, логистика, болат құю ісі, дайын өнім өндіру, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, туристік салада ынтымақтастықты қолдаймыз. Сонымен қатар парламенттер арасында, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар арасында белсенді байланыс орнаттық. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымының шеңберінде де ынтымақтастығымыз орнаған. Гуманитарлық байланыстарға келетін болсақ, астанамызда көшелердің бірін Шандор Петефи құрметіне атаймыз. Мажарстаннан Қазақстанға адамдар неғұрлым көп келсе, олар біздің гуманитарлық байланысымызды нығайта алады", - деп атап өтті Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу