Қысқы маусымға дайындық аясында "Астана Тазалық" ЖШС қала көшелерін тазалауға 14 маршрут бөлді. Көліктерді маусымдық жабдықтармен дайындады, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
"Астана Тазалық" ЖШС директорының орынбасары Марат Сүлейменовтың айтуынша, көліктерге қысқы арнайы жабдықтар орнатылған.
"2018-2019 қысқы мезгілде қарды жинауға шамамен 330 жұмысшы және 470 арнайы техника, оның ішінде 106 бірлік сыпыратын техника, 230 бірлік самосвал, 38 бірлік тиегіш, 17 бірлік фронтальды тиегіш, 20 бірлік автогрейдер, 26 бірлік құм шашқыш, 10 бірлік ротор және тротуар тазалаушы 23 бірлік техника шығады", - деді спикер.
Сондай-ақ, көктайғаққа қарсы күресу мақсатында "Астана Тазалық" ЖШС базасында 28 000 м3 құм-тұз қоспасы және 100 тонна көктайғаққа қарсы реагент дайындалды. Қарды қолмен жинау үшін қысқы керек-жарақтар және жұмысшылар үшін арнайы киімдер сатып алынған.