"Astana Marathon 2019" қайырымдылық марафоны 42,2 шақырым және 10 шақырым қашықтықта ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Марафонға жасы 18-ден (42,2 шақырым) және 16-дан (10 шақырым) асқан кез келген адам қатыса алады. Жарысқа қатысу үшін Astana Marathon – www.astana42k.com сайтында онлайн тіркеліп, 4000 (10 шақырым) немесе 8000 (42,2 шақырым) теңге көлемінде жарна төлеу керек. Өтінім қабылдаудың соңғы күні 42.2 шақырым үшін – 1 қыркүйек, ал 10 шақырым үшін – 5 қыркүйек (23:59 ч.). 10 шақырым қашықтық үшін тіркелу және желаяқтар пакетін тапсыру Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі, 46 (Hilton Hotel Astana) мекен-жайы бойынша 6-7 қыркүйек күні Astana Marathon EXPO 2019 спорт көрмесі кезінде өтеді.
Бүгінгі күні жарысқа қатысушы ретінде Қазақстан мен 25 алыс және жақын шетелден 4000-нан астам адам тіркелді.