Астана мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді

296

Білім ордаларында 337 мыңнан астам оқушы білім алады.

Астана мектептерінде инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді Фото: Устинка

Олардың 4752-сі ерекше білім беруді қажет етеді. Бұл туралы қалалық білім басқармасының редакция сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"2026-2027 оқу жылының басындағы ақпарат бойынша, елордадағы 205 білім беру ұйымдарында 337 мыңнан астам оқушы білім алады. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушы саны – 4752, оның  4223 инклюзия жағдайында білім алса, 529-ы арнайы сыныптарда білім алады", – деп хабарлады қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі.  

Белгілі болғандай, елорданың 120 мемлекеттік мектебінің 95 пайызында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың білім алуына жағдай жасалған. 85 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді (70,8%).

Мектептердегі оқу бағдарламалары балалардың мүмкіндіктеріне қаншалықты бейімделген?

"Оқытуды ұйымдастыруда баладағы бұзушылық пен қатар оның нақты білім алу қажеттіліктері, даму ерекшеліктері және оқу мүмкіндіктері ескеріледі. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 29 сәуірдегі №92 бұйрығымен бекітілген қағидалардың жаңартылған редакциясында сабақ барысында жеке және сараланған тәсілдерді қолдану, жеке дамыту және түзету-дамыту бағдарламалары арқылы қолдау көрсету көзделген. Мүмкіндіктері шектеулі балаларға қолдау ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау және ПМПК ұсынымдары негізінде ұйымдастырылады", – делінген редакция тілшісінің сауалына берілген жауапта.

Бұл ретте "Жайлы мектептерде" инклюзия талаптары қаншалықты ескерілген деген сұрақ туындайды.

Астана қаласы білім басқармасының мәліметінше, "Жайлы мектептерде" ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кең кабинеттер, арнайы санитарлық бөлмелер, жеделсатылар, пандустар және арнайы белгілер қарастырылған. Сонымен қатар психолог, логопед және дефектолог мамандарына жеке кабинеттер жабдықталып, педагогтердің жеке және топтық түрде түзету жұмыстарын өткізуге жағдай жасалған.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, 2026 жылғы қыркүйек айындағы ақпарат бойынша жалпы білім беру ұйымдарында 260 арнайы педагог (дефектолог – 135, логопед – 98, тифлопедагог – 2, сурдопедагог – 25) және 1360 педагог-ассистент жұмыс істейді.

"84 дефектолог, 94 логопед және 243 педагог ассистент тапшылығы бар. Бұл мәселе мектептерден әдістемелік қолдаудың ресурстық орталықтарын ашу арқылы шешіліп келеді. Атап айтсақ, көру қабілеті бұзылған балаларды оқытатын педагогтарды сүйемелдеу үшін 10 мектеп базасында ресурстық орталық ашылды.  Бұдан басқа, арнайы білім беру ұйымдары мектептерді жетекшілік ету жөніндегі жобаны енгізуде. Арнайы білім беру ұйымдары мамандарының тәжірибесі мен білімін пайдалану мақсатында мектептер бірлесіп жұмыс істеу үшін меморандумдар жасалуда. Бүгінгі таңда ПМПК, ППТК және Аутизм орталығымен 30-ға жуық  мектеп меморандум жасады", – деп хабарлады басқарма.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу