Астананың 13 мектебінде стоматологиялық кабинет бар. Бірақ олар толық жабдықталмаған әрі тиісті жұмысты істемей отыр, деп хабарлайды Елорда инфо.
"Барлық мектептер стоматологиялық кабиинетпен жабдықталмаған. Өте аз. Қазір регламент бойынша оларға керек құрал-жабдықтарды алуға қажетті бюджетті бағдарлама жоқ. Бұған дейін, бірінші кезеңде, біз мектептегі медициналық кабинеттерді денсаулық сақтау басқармасына беруді жүзеге асырдық. Алдағы уақытта стоматологиялық кабинеттерді өткізетін боламыз", - деді Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиин.
Басқарма басшысының мәліметінше, Астандағы 13 мектепте стоматологиялық кабинет бар, бірақ қажетті деңгейде жабдықталмаған.
"Құжат бойынша қажетті құрал-жабдықтардың жартысы болса, жартысы жоқ. Іс жүзінде кабинет жұмыс істей алмайды. Сол себепті мәселе тек денсаулық сақтау және білім басқармалары деңгейінде ғана шелімеуі керек. Қолдағы құралдарды жергілікті емханаларға өткізу керек. Біздің ойымызша мектепте медициналық ем-шаралар өткізудің қажеті жоқ. Себебі, кез келген медициналық процедураларды мамандандырылған мекемеден алғаны дұрыс", - дейді Әнуар Жанғозин.
Стоматологиялық кабинеттер бюджет есебінен ашылғанына қарамастан толық жұмыс істемей тұр. Ондағы кейбір құралдардың пайдалану мерзімі өтіп кетті. Осыған орай мәслихат депуттары аталған кабинеттерге инвентаризация жүргізуді тапсырды.