"Астана шежіресінде өз атыңды қалдыр" республикалық акциясы аясында мемлекеттік мұрағатта сирек кездесетін жәдігерлер коллекциясы пайда болды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Акциясы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих кафедрасының оқытушысы Думан Айтмағамбетов Ұлттық мұрағатқа сирек естелік белгілерін, тарихи құжаттардың көшірмелерін, атап айтқанда, 1909 жылғы халық санағы туралы мәліметтер мен құнды фотосуреттерді тапсырды.
"Біз құжаттарды болашақ ұрпақ үшін сақтаймыз. Олар тарихты білсін деп сақтаймыз. Астана – жас қала, бірақ оның өзіндік тарихы бар, оны ашық және баршаға қолжетімді қылу керек", – деп атап өтті Астана мемлекеттік мұрағатының директоры Мейрам Бектембаев.
Естеріңізге сала кетейік, мұрағат материалдар санатына қағаз құжаттар (хаттар, күнделіктер, кітаптар, газеттер) сияқты фото-бейне және аудиоматериалдар, кинохроника, экспонаттар мен басқа да тарихи жәдігерлер жатқызылуы мүмкін.
Тарихи құжаттарды берген авторларға қала тарихын сақтауға қосқан үлесін растайтын құжат беріледі.