Астана мен Алматыдағы ұлттық кітапханаларға кешкі уақытта келушілер көбейді

254

Оқырман санының артуы жаңа жұмыс кестесіне сұраныс бар екенін көрсетеді.

Астана мен Алматыдағы ұлттық кітапханаларға кешкі уақытта келушілер көбейді Фото: ortcom.kz

Астана мен Алматыдағы ұлттық кітапханалардың жұмыс уақыты түн ортасына дейін ұзартылғаннан кейін оқырмандар саны айтарлықтай артты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әсіресе кешкі сағат 20:00-ден кейін келушілер көбейген.

13 қарашадан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы (Астана) мен Ұлттық кітапхана (Алматы) сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл өзгеріс жұмыстан немесе оқудан кейін кітапханаға келіп, оқу залдарын пайдалануға мүмкіндік берді.

Алматыдағы Ұлттық кітапханада жаңа кесте енгізілген алғашқы бес күнде кешкі сағат 20:00-ден кейін келушілер саны 45-тен 600 адамға дейін өскен. Ал Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға осы уақытта келгендер саны кей күндері 480 адамнан асқан.

Кешкі уақытта кітапхана қызметіне әсіресе студенттер, жұмыс істейтін азаматтар, магистранттар мен зерттеушілер қызығушылық танытып отыр.

Сонымен қатар кітапхана қызметкерлерінің еңбек құқықтарын сақтау мәселесіне де көңіл бөлінген. Кешкі ауысым арнайы кесте бойынша ұйымдастырылып, қызметкерлердің тынығу уақыты ескеріледі. Ауысым аяқталған соң олардың үйлеріне қауіпсіз жетуі үшін көлік қарастырылған.

Жұмыс уақытын ұзартудағы мақсат – кітапхана қызметтерінің қолжетімділігін арттырып, тұрғындарға кітап оқуға, білім алуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге қолайлы жағдай жасау. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу