"Астана" баскетбол клубы Біріккен ВТБ лигасы аясында "Автодор" командасын жеңді, деп хабарлайды Olympic.kz.
Аталған матчта қос командаға да жеңіс керек еді. Овертаймға созылған тартысты матчта астаналық клуб 100:83 есебімен жеңіске жетті.
Алғашқы айналым 14:20 есебімен қарсыластың пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде де "Автодор" 34:45 есебімен алда тұрды. Үшінші кезеңде есеп айырмасын барынша қысқартуға тырысқан астаналықтар шабуылды үдете түсті. Десе де, таблодағы көрсеткіш 56:62 есебімен қонақтардың жеңісін көрсетті.
Ал төртінші кезеңде намысқа тырысқан "Астана" баскетболшылары есепті теңестіріп, қосыма 5 минуттық ойында 100:83 есебімен қарсыластан басым түсті.
Бұл астаналық клубтың Біріккен ВТБ лигасының биылғы маусымындағы жетінші жеңісі.
"Астана" сапынан ең көп ұпай жинағандар: Джеффри Гроссселл (26+8), Энтони Клеммонс (24+5+9), Майкл Дженкинс (15+5), Стивен Холт (10+6).
"Бірінші кезекте қос қомандаға осындай тартысты ойын көрсеткені үшін алғыс айтқым келеді. Біз бірінші кезекте команданың мінез көрсетіп, намысқа тырысқаны арқасында жеңіске жеттік. Матч басталған соң бізге өз ойынымызды табу қиынға түсті. Қуанышқа қарай, кездесу аяқталар тұста барлығын түзедік. Жаңа жыл мерекесінің алдында бұл жеңіс бізге үлкен рух берді. Демалысқа жақсы көңіл-күймен аттанамыз", – дейді "Астананың" бас бапкері Эмиль Райкович.