2017 жылдың 3 сәуірінде Будапештте Астана мен Будапешт арасында тікелей авиақатынастың ашылуына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Нұрбах Рүстемов осы оқиға екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдық мерейтойына ұштастырылғанын айта келе: "Рейстің ашылуы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы барлық саладағы екіжақты қарым-қатынастың, сондай-ақ "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында Астананың көлік саласының дамуына мүмкіндік туғызады", – деді.
Ұлттық экономика министрі Михай Варганың айтуынша, Мажарстан Қазақстанды маңызды стратегиялық әріптес ретінде қарастырады және тікелей рейс серпінді дамып келе жатқан екі өңір – Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынастың дамуына мүмкіндік береді.
Ресми тасымалдаушы ретінде мажарлық "Wizz Air" компаниясы белгіленді. Рейс ресми түрде 2017 жылдың 8 маусымында ашылады және аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері жолға шығады.