Астана мен Павлодар арасындағы әуе байланысы қайта жанданды

Енді екі қала тұрғындары аз уақытта ұшақпен жете алады.  

 Астана мен Павлодар арасындағы әуе байланысы қайта жанданды Фото: Константин Шелков

Өткен жылы пандемия салдарынан жолаушылар ағынының күрт азаюына байланысты екі қала арасындағы әуе қатынасы тоқтаған еді. Ал осыдан бір ай бұрын облыс жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін рейстерді қайта жандандыруды тапсырған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Сол тапсырманың аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтық авиация комитеті аз уақыт аралығында тиісті жұмыстарды атқарды. Нәтижесінде араға уақыт салып Астанадан бағыт алған алғашқы ұшақ Павлодарға келіп қонды. 

"Павлодар әуежайы" АҚ басқарма төрағасы Ескендір Жандаулетовтің айтуынша, мемлекеттің субсидиялауы нәтижесінде бір билеттің бағасы 10 мың теңге болып белгіленді. Пандемияға дейін бұл баға 40 мың теңгеге дейін жеткен еді. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, Астана мен Павлодар қалалары арасында қатынайтын такси қызметі бір адамнан 6-7 мың теңге алады. Пойызбен жету үшін 8 мың теңгеге билет алу керек. 

"Павлодар-Астана бағытында тікелей рейстер жолға шығатын болды. "Qazaq Air" әуе компаниясы жергілікті жолаушыларды бас қалаға дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері тасымалдайды. Ұшақ облыс орталығынан елордаға 16:35-те шығып, 17:35-те жетеді. Ал Астанадан 15:05-те бағыт алып, Павлодарға 16:05-те келеді", - дейді Ескендір Жандәулетов. 

Сонымен қатар, 15 жасқа дейінгі балаларға жеңілдік қарастырылған. Билет құнына 20 килограмға дейінгі багаж және 5 килограмға дейінгі қол жүгін тегін алып жүру де кіреді. 
Әуе кемесімен қатынайтын жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында №22 қалалық автобус өз бағытын әуежайға дейін ұзартты. Қоғамдық көлік әр 15-20 минут сайын қатынайды. Яғни, бұл автобуспен таңғы сағат 6.30-дан кешкі 21:25-ке дейін әуежайға жетуге болады. 



 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу