Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров Астана және Шымкент қаласы соттарының басшылығымен өткізген кеңесте осы Жарлықты іске асыру мәселелері қаралды.
Талқылауға Астана және Шымкент қаласы соттарының төрағалары Ақан Жұмағұлов пен Ербол Рахымбеков, біріктірілген соттардың судьялары мен Сот әкімшілігінің Астана, Шымкент қалалары бойынша департаменттерінің басшылары Елдос Жұмақсанов пен Берік Мейрханов қатысты.
Бірінші сатыдағы соттар (8-і Астанада және 4-еуі Шымкентте) азаматтық және қылмыстық юрисдикциялы ауданаралық соттар болып қайта құрылды. Тиісінше қайта ұйымдастырылған соттар төрағаларының лауазымдары судья лауазымдары болып өзгертілді.
Астана бойынша: Алматы, Есіл, Сарыарқа және "Байқоңыр" аудандық соттары азаматтық істер бойынша ауданаралық сот болып (Г. Әлиев көшесі, 6-үй), ал Алматы, Сарыарқа, Есіл және "Байқоңыр" аудандары бойынша №2 соттар қылмыстық істер бойынша ауданаралық сот болып біріктірілді (Кенесары көшесі, 3-үй).
Шымкент бойынша: Еңбекші, Абай, Әл-Фараби және Қаратау аудандық соттары тиісінше азаматтық істер бойынша ауданаралық сот болып (бұрынғы Еңбекші және Абай соттарының ғимараттарында) және ауданаралық қылмыстық сот болып қосылды (Тыныбаев көшесі, 42-үй).
Сот әкімшілігінің басшысының сөзінше, реформа соттылық мәселелері бойынша әуре-сарсаңды жоюға, жүктемені біркелкі бөлуге және бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға ықпал етеді.
"Астана және Шымкент қаласы соттарының төрағалар А.Жұмағұлов пен Е.Рахымбеков судьялар корпусының жаңа жағдайларда жұмыс істеуге дайын. Қайта ұйымдастыру азаматтардың өз құқықтарын қорғау және сот төрелігін іске асыру сапасын жақсарту үшін соттарға жүгінуін жеңілдетуге ықпал етеді", – деді Наиль Ахметзакиров.