"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында облысаралық көлік қатынасын ашу және Алакөл көлінің маңында туризмді дамыту мақсатында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың "Астана – Үшарал – Астана", "Алматы – Үшарал – Алматы" әуе рейстерін ашу бастамасын инвестиция және даму министрлігі қолдады. Мұны бүгін президенттің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты халыққа жолдауын іске асыру барысы жайлы өткен актив жиынында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың баяндамасында айтылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Осы жиында Талдықорған мен Шымкенттің, Өскеменнің, Қарағанды, Павлодар қалаларының арасын жалғайтын әуе қатынасын ашудың мүмкіндігі қарастырылып жатқаны хабарланды.
Сонымен қатар "Нұрлы жол" бағдарламасының басым бағыттарының бірі – "Алматы-Шығыс" бағытын дамыту шаралары сөз болды. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының құрылысы, "Алматы-Өскемен", "Үшарал-Достық" бағытындағы автокөлік жолдарын қайта жаңғырту жұмысы т.б. мәселелер егжей-тегжейлі талқыланды.
Сондай-ақ облыстағы жолдардың жағдайына талдау жасалды. Мәселен облыстық маңызы бар жолдың 37,3%-ы жақсы, 40,3%-ының жайы қанағаттанарлық, 22,4%-ы – жөндеуді қажет ететіні анықталған. Осыған байланысты да шаралар қабылданады.