Жоба Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында қолға алынды және еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту мен транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі Үкімет жоспарына енгізілген.
Қостанай облысында стратегиялық маңызы зор "Орталық – Батыс" автожол дәлізінің құрылысы басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құрылыс жұмыстары бір уақытта екі нүктеде – Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Жанкелдин ауданына қарасты Торғай ауылында басталды. Құрылыс "Астана – Жәнтеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз" бағыты бойынша жүргізіліп жатыр.
Аталған жаңа жол дәлізі еліміздің орталық бөлігін батыс өңірлермен тікелей байланыстырмақ. Сонымен қатар ол Қазақстанды Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) шығуға мүмкіндік береді. Жаңа бағыттың арқасында Астана мен Ырғыз арасындағы арақашықтық 573 шақырымға қысқарады.
Құрылыс жұмыстары екі бағытта қатар жүргізіліп жатыр: Арқалық қаласынан Астанаға қарай және Торғай ауылынан Ырғыз бағытына қарай. Жобаның жүзеге асырылуы жол бойындағы аумақтардың экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етері сөзсіз.
Жобалау және құрылыс жұмыстарының барысында экологиялық мәселелерге ерекше көңіл бөлінуде. Киіктердің қоныс аудару аймақтарында жолдың көлденең профилін өзгерту қарастырылған, 1:10 еңіс жануарлардың еркін әрі кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді.