Астана қаласының білім басқармасы ауа райының қолайсыздығына байланысты бірінші және екінші ауысымдағы 0-4 сынып оқушыларына бүгін сабақ болмайтынын хабарлады.
Астанада 6 наурыздан бері қатты жел тұрып, арасында жаңбыр аралас қар жауып тұр. Қаланың барлық коммуналдық қызметі жауын-шашынға байланысты күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде.
Мәселен, бір тәулікте 3 120 текше метр су сорылып, 7 070 текше метр қар шығарылды, су қабылдағыш тордың 326 данасы тазаланып, 346 данасы шайылды. Адамдар көп жиналатын143 нысандықардан тазарту жұмыстары уақытылы аяқталды. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы шаралар аясында қала аудандарының жеке секторынан қар шығару жұмыстары жалғасуда.
Ауа райының нашарлауына байланысты еліміздің 8 өңірінде автожолдар жабылды.
Айта кетсек, Қазгидрометтің болжауынша, алдағы мереке және демалыс күндері көктемгі тұрақсыз ауа-райы күтіледі. Республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығысы және шығыс өңірлерінде жаңбыр жауын-шашын болып, қатты жел тұрады. Кей аймақта желдің екпіні 15-20 м/с күшейеді.
Қазақстанның батыс, солтүстік және орталық облыстарына Батыс Сібірден суық, ылғалды ауа массалары келе бастайды. Осыған байланысты қар мен жаңбыр, сондай-ақ боран, көктайғақ, желдің екпіні 15-23 м/с дейін және күн суытады деп күтілуде.