Астана – Омбы бағытындағы пойыз вагондары жаңарды

103

Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.

Астана – Омбы бағытындағы пойыз вагондары жаңарды Фото: Көлік министрлігі

Астана – Омбы бағыты бойынша жүретін пойыз жаңартылды. Енді жолаушылар жаңа вагондармен сапар шегіп, жайлы әрі қолайлы қызметті пайдалана алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысының жолаушылар вагондары паркін кешенді жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жолаушылар тасымалы саласында жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

Салтанатты іс-шара барысында "Астана – Омбы" халықаралық бағыты бойынша жолаушылар пойызының жаңартылған құрамы жолға шықты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбұғанов:

– Бағыттың жаңартылуы көршілес елдер арасындағы көлік байланысын нығайтуға және жолаушылар үшін қолжетімді әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған, – деп атап өтті.

Пойыз құрамына "ЗИКСТО" АҚ базасында жасалған купе және плацкарт үлгісіндегі 8 жаңа отандық вагон қосылды.

Бір бағыттағы жалпы сыйымдылық 300-ден астам жолаушыны құрайды. Бұған дейін халықаралық бағыттарда жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары "Алматы – Саратов", "Алматы – Новосибирск" және "Қарағанды – Мәскеу" бағыттарында жүргізілген болатын.

Енді олардың қатарына "Астана – Омбы" бағыты қосылды. Жалпы, жолаушылар вагондары паркін жаңарту жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп келеді. 2025 жылы 175 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды.

 – Биыл тағы 191 вагон сатып алу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін 800-ге жуық вагон жаңартылады, бұл қолданыстағы парктің 90%-ын ауыстыруға мүмкіндік береді. Жаңа вагондар заманауи талаптарға толық сай келеді, – делінген хабарламада.

Интерьері мерзімінен ерте тозуды болдырмайтын арнайы материалдардан жасалған, климат-бақылау және ауаны залалсыздандыру жүйелерімен, USB-порттармен және 220 В розеткаларымен, Wi-Fi желісімен, биодәретханалармен жабдықталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу