Астана – Павлодар автожолында цементбетон жабындысы қатты ыстықтан көтеріліп кеткен. "ҚазАвтоЖол" компаниясы ақау жедел түрде жойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоспарлы патрульдеу жұмыстары барысында жол мамандары цементбетон жабынының көтерілуіне әкелуі мүмкін екі ықтимал қауіпті учаскені анықтады.
"Ақаулардың алдын алу мақсатында 2026 жылғы 31 мамырдан бастап аталған нүктелерде жедел профилактикалық жұмыстар басталып, қазіргі уақытта жалғасуда. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 маусымда сағат 13:30 шамасында кезекті патрульдеу кезінде KAZ04 "Астана – Павлодар" автомобиль жолының Павлодар – Астана бағыты бойынша 1356 шқ учаскесінде цементбетон жабынының көтерілуі анықталды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, ақаудың пайда болуына ауа температурасының +35…+37С-қа дейін күрт көтерілуі себеп болған. Мұндай жағдайда бетон плиталарының температуралық кеңеюі орын алып, жабын ішінде ішкі кернеулердің пайда болуына және соның салдарынан жол жабынының көтерілуіне әкелуі мүмкін", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" компаниясы.
Белгілі болғандай, жол пайдалану учаскесінің мамандары ақауды жою жұмыстарына кіріскен. Қазіргі уақытта бүлінген цементбетон жабынын бөлшектеу және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.