Астанада полицейлер есірткі сатушыны ұстады. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
"Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елордада есірткі сақтау және сатумен айналысқан адамды құрықтау мақсатында арнайы операция жүргізді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 39 жастағы елорда тұрғыны анықталды. Оның саяжайдағы тұрғылықты жері бойынша тінту жұмыстарын жүргізу кезінде құрамында ерекше иісі бар сұр-жасыл зат, болжам бойынша гашиш салынған екі пакет табылған. Тәркіленген заттың салмағы – 46,4 грамм", - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда, есірткі заттарын заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Ұсталған күдікті қамауға алынды. Қылмыс жасағаны үшін есірткі сатушының мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деп түсіндірді полиция.