Астана процесі тиімді болды – Сергей Лавров

1230

Сыртқы істер министрлері маңызды мәселелерді талқылады. 

Астана процесі тиімді болды – Сергей Лавров

Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдап, отандық және шетелдік журналистерге сұхбат берді. 

"Біз Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін қоса алғанда саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы мәселелерді талқыладық. Халықаралық мәселелер бойынша да пікір алмастық. Сонымен қатар Орталық Азиядағы, Украина мен Таяу Шығыстағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің түрлі аспектілері бойынша пікір алмасып, екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылын сараптадық", – деді Мұхтар Тілеуберді.

Оның атап өтуінше, аса жоғары және жоғары деңгейдегі халықаралық шаралардың алдағы кестесіне назар аударылып, 2019 жылдың 7 қарашасында Омбы қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XVI форумына дайындық мәселесі пысықталған.

"Ресеймен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі болды және солай болып қала береді. Келіссөз аясында екіжақты қарым-қатынас мәселелері ғана емес, сонымен бірге көпжақты форматтағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы талқыланды. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін толық пайдалану мүмкіндігін атап өттік", – деді Қазақстанның сыртқы істер министрі.

Өз кезегінде Сергей Лавров келіссөз барысында Астана процесі туралы сөз қозғалғанын тілге тиек етті. 

"Біз Астана процесінің тиімді болғанын бұған дейін де айтқанбыз. Осы формат аясында кепіл-мемлекеттер үкімет пен оппозицияны келіссөзге келістірді. Алдағы уақытта БҰҰ қабылдаған шешімдердің іс жүзінде орындалуына ықпал етеміз", – деді дипломат.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу