Сирия дағдарысы бойынша Астана процесінің жетінші кездесуіне қатысатын делегациялар Астанаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Бүгін күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау бойынша екіжақты және үшжақты кездесулер өтеді. Кездесулер БАҚ үшін жабық режімде өтеді", - дейді баспасөз қызметінен.
Ал пленарлық отырыс 31 қазанның екіншісі жартысында өтеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін СІМ хабарлағандай, Астана процесінде Ресей делегациясына РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал, Иран делегациясына сыртқы істер министрінің орынбасары Хусейн Джабери Ансари басшылық етеді. Сондай-ақ, кездесуге Сирия үкіметі мен сириялық оппозиция өкілдері келеді және БҰҰ, Иордания және АҚШ (Таяу Шығыс істері бойынша АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі міндетін атқарушы Дэвид Сатерфилд) өкілдері бақылаушы ретінде қатысады.
Астана процесінің жетінші кездесуі Сирияда ұрыс іс-қимылдарын доғару режімін нығайту бойынша қол жеткізілген нәтижелерді сақтауға, сондай-ақ дағдарысты саяси реттеуге өту кезеңінде аталған елдегі жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға бағытталған.