Елордада Сириядағы жағдайды реттеуге байланысты Астана процесінің тоғызыншы кезеңі басталды, деп хабарлайды 24.kz.
Келіссөздер жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Сирия үкіметінің делегациясын Башар Джаафари бастап келді. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдерді де қатысып жатыр. Ал ұйым бас хатшысының Сирия мәселесіне жауапты арнайы өкілі Стаффан ди Мистура Астанаға бүгін түнде келуге тиіс. Сол сияқты Сирия оппозициясының өкілдері де жетпек.
Келіссөздер ертең де жалғасады.
Елордаға Сириядағы ахуалды талқылау үшін Ресей мен Иранның және Түркияның өкілдері келді. Ресей делегациясын Сириядағы мәселелер жөніндегі ел президентінің арнайы өкілі Александр Лаврентьев бастаса, Түркия сыртқы істер министрінің орынбасары Седат Онал да өз елінің атынан сөз ұстауға бекінді. Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Хосейн Ансариға сенім артыпты.
Басқосу барысында Сирияның төрт аймағындағы яғни Шығыс Гута, Хомс, Идлиб және елдің оңтүстігіндегі жағдайға қатысты ой бөлісіп, пікір айтады. Бейбіт өмірге деген Ел сенімнің нығаюы, гуманитарлық көмек жөнінде де әңгіме өрбиді деп күтілуде.