"Арай транс KZ" компаниясының Астана – Семей – Достық бағытындағы №121/122 пойызында Starlink технологиясы негізіндегі спутниктік интернет іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – интернетпен қамтылған жеке тасымалдаушы қызмет көрсететін алғашқы теміржол бағыты.
Жоба Көлік министрлігінің жолаушылар тасымалы сапасын арттыру және цифрлық сервистерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа технология ұялы байланыс жоқ учаскелерде де интернетке қосылуға мүмкіндік береді.
Технологияны енгізу Қазақстандағы теміржол тасымалдаушыларының цифрлық және телекоммуникациялық шешімдер саласындағы көпжылдық серіктесі – Kaztechnology инженерлік компаниясының қатысуымен жүзеге асырылды. Компания "Арай транс KZ" ЖШС-мен тығыз ынтымақтастықта Астана – Семей – Достық бағытына Starlink спутниктік интернет технологиясын енгізуді қамтамасыз етті.
Пойыз жолаушылары Wi-Fi желісі арқылы WhatsApp пен Telegram-да тегін хабар алмаса алады. Сондай-ақ ақылы тариф арқылы әлеуметтік желілерге, бейнесервистерге және басқа да интернет ресурстарына толық қолжетімділік қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, спутниктік интернетті енгізу жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, теміржолдағы цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтеді.