Астана-Шымкент бағытындағы автобус бұзылып, жолаушылар аязда жолда қалды

554

28 қарашаға қараған түні Қарағанды облысында ТЖД қызметкерлері үш құтқару операциясын жүргізді.  

Астана-Шымкент бағытындағы автобус бұзылып, жолаушылар аязда жолда қалды Фото: gov.kz

Нәтижесінде 22 адам аяздан құтқарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыста осы күндері қатты аяз болатынын синоптиктер ғана емес, құтқару қызметі де ескерткен болатын. Алайда соған қарамастан өткен түнде көмек сұрап, қоңырау шалғандар көп. Сондай хабарламаның бірі 02:05-те келіп түскен.

Белгілі болғандай, Осакаров ауданының Молодежный кентінен 3 шақырым жерде "Қызылорда-Павлодар" автожолында техникалық ақауға байланысты жеңіл автокөлік тоқтап қалған. Құтқарушылар көліктен екі адамды эвакуациялап, Молодежный кентіне жеткізді.

Екінші құтқару операциясын ТЖД қызметкерлері Шет ауданында сағат 04:35-те жүргізді.

"Алматы-Екатеринбург" автожолының 901 шақырымында Ақсу-Аюлы ауылынан 18 шақырым жерде жолаушы тасымалдайтын қалаарлық автобус тұрып қалған. Сынған автобустан ТЖД күшімен Ақсу-Аюлы ауылына 19 адам жеткізілді. Автобус "Астана-Шымкент" бағыты бойынша жүріп бара жатқан.

Сонымен қатар, Шет ауданында 1984 жылы туған ер адам хабарсыз кетті. Түнге қарай ер адамның туыстары құтқарушыларға жүгінді. ТЖД мен полиция қызметкерлерінен құралған топ іздеуге шықты. Жоғалған адамды олар басқа қыстақтан тауып алып, ауылға жеткізді.

Құтқарылғандар медициналық көмекті қажет етпеді.

Қарағанды облысындағы бірқатар автожолда қатты аязға байланысты қоғамдық және дизельді автокөліктер үшін шектеу енгізді.

"Облыс аумағында дауыл туралы ескерту жарияланды. Ауа райы нашарлағанда алыс қашықтыққа, әсіресе түнде шықпаған жөн екенін ескертеміз. Сапар алдында автокөліктің техникалық жарамдылығын тексеру, метеоболжам мен дауылды ескерту туралы ақпаратты қадағалау қажет", - деп ескертеді Қарағанды облысы ТЖ департаменті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу