Барлық учаскелердегі полицейлер отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және тұрмыстық қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында күнделікті жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы inbusiness.kz сайты Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қалалық Полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Әйгерім Дәркембаева Орталық Коммуникация қызметінде өткен брифингте осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы түсініктеме берді.
Айта кету керек, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында 2023 жылы тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін сотта 6595 әкімшілік іс қаралды.
Сондай-ақ, тұрмыстық тәртіпсіздіктерге қарсы 9090 қорғау ұйғарымы шығарылып, сот құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойды.
Астана қаласының полиция қызметкерлері құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша 4231, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы "Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру" бойынша 349 әкімшілік хаттамалар толтырды. Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 73-2 бабы бойынша – 1 569 хаттама толтырылды.
"Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселелері бойынша, дағдарыс орталықтарымен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Отбасылық агрессия құрбандарын оңалту көмегін көрсететін ұйымдарда уақытша оқшаулау тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Полиция қызметкерлері ҮЕҰ психологтарымен бірлесе отырып, зорлық-зомбылық оқиғаларының алдын алу мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына тұрғылықты жеріне барып, оларға құқықтық көмек пен психологиялық қолдау көрсетеді. Қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізеді", - деп түсіндірді Әйгерім Дәркембаева.
Сонымен қатар, осы бағытта "Отбасы табысы орталығы" ҚҚ, "Қорғау-Астана" жеке қоры, "Үміт" дағдарыс орталығы және "Қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды қолдаудың интеграциялық орталығы" АҚ өкілдерін тарта отырып, жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осындай проблемалық жанұлармен жұмыстар әр бейсенбі күндері тұрақты түрде іске асырылады. ҮЕҰ мамандары, оның ішінде психологтар, медиаторлар және заңгерлер отбасылық мәселелерді жан-жақты зерттейді.
Тұрақты түрде әр сенбі күндері ер психологтарды, мешіт өкілдерін, қоғам қайраткерлерін, блогерлерді, "Әкелер кеңесі" ҚБ, "Сенімен болашақ" РҚБ өкілдерін тарта отырып, агрессорлармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Бұнымен қоса, пилоттық режимде ODARA жүйесін қолдана отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық тәжірибесі енгізілді.
Оның жәрдемімен ҮЕҰ психологтарын тарта отырып, агрессорлармен арнайы жұмыс жүргізіліп, тұрмыстық салада қылмыс жасауға бейім тұлғалар айқындалады.
Бұдан бөлек, 2023 жылдың 10 тамызынан бастап бұл әдіс еліміздің барлық аймағында қолданылып жатыр.