2017 жылы Астана-Теһран арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Бұл туралы бүгін Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен келіссөздерден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Бүгін біз әуе қатынасы жөнінде келіссөздер жүргіздік. Менің сапарымнан кейін Алматы мен Теһранның арасында аптасына үш мәрте әуе көлігі ұшатын болды. Қазір оның толуы 60 пайызға жетіп отыр. Ендігі жылы Теһран-Астана арасында әуе жолы қатынасын жасаймыз", - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Елбасы мұның аясында Қазақстан мен Иран виза режімін оңтайландыру, өзара туризмді ынталандыру үшін нақты шараларды қабылдауға келіскенін баса айтты.
"Оған кесірін тигізіп отырған екі елдің банктері арасындағы есеп айырысу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оны да шешетін боламыз", - деді Назарбаев.