Астана-Теміртау жолында жаңа лазерлік ескерту жүйесі пилоттық жоба ретінде қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚазАвтоЖолдың ақпаратынша, 17 қыркүйекте Қарағанды облысындағы Астана-Теміртау республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1402 шақырымында (Ошағанды ауылының маңы) инновациялық белсенді лазерлік ескерту жүйесі алғаш рет сынақ режимінде уақытша орнатылды.
"Аталған жүйе түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Арнайы сәулелік белгілер жүргізушінің көру аймағына тікелей түсіп, қауіпті жағдайларда дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бермек. Бұл тәсіл жол-көлік оқиғаларына әкелетін шаршау, зейіннің төмендеуі және шектеулі көріну мәселелерін азайтуға септігін тигізеді", – делінген хабарламада.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, жүргізушілердің лазерлік сигналдарға жауап қайтару уақыты дәстүрлі жол белгілеріне қарағанда бірнеше есе жылдам.
Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай технология енгізілген учаскелерде апат көрсеткіші 40-50 пайызға төмендеген.