Астана тұрғындарының ақпандағы жылу тарифіне қатысты шағымдарынан соң, баға төмендетілетін болды. Енді жылу тарифі 8 пайызға төмендейді.
Жылу энергиясын жеткізуші "Астана-Теплотранзит" мекемесінің қызметін талдау барысында жауапты инспекторлар көрсетілген қызмет көлемінің артуына байланысты негізсіз алынған кірістерді анықтады. Сондай-ақ жеке субъектінің теңгерімінде жоқ нысандарға бағытталған тариф сметасындағы қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны белгілі болды.
Осылайша, қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, тұтынушылардың жалпы сомасы 3 млрд теңгеге жуық қаржысы тариф аясында қалпына келтіріледі.
"Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті уақытша өтеу тарифін енгізу арқылы негізсіз алынған табысты қайтару бөлігінде, "Табиғи монополиялар туралы" заңға сәйкес шаралар қабылдады. Қабылданған шаралар тұтынушы үшін жылу тарифінің 8 пайызға төмендеуіне алып келді", – делінген министрлік хабарламасында.