"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының ахуалы қандай?

1053

ИИДМ өкілдері мен сенаторлар "Астана-жаңа қала" АЭА-ның жұмысымен танысты.   

"Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының ахуалы қандай? Фото: gov.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетінің өкілдері мен Парламент Сенатының депутаттары "Астана - жаңа қала" арнайы экономикалық аймағына барды. Жұмыс сапары барысында бірнеше кәсіпорынның қызметімен  танысып, аймақтың проблемалық мәселелерін талқылады, деп жазады inbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация аймақтағы бірнеше кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Алдымен министрлік өкілдері мен сенаторлар "Электровоз құрастыру зауыты" ЖШС кәсіпорнына барды. Өндіріс ошағы Қазақстанның жылжымалы тартқыш құрамының паркін жаңарту, сондай-ақ ТМД елдеріне дайын өнім экспорттау  мақсатында құрылған. Сонымен қатар, медициналық бұйымдар өндіретін заманауи фармацевтикалық кешен "Eira Med" ЖШС зауытына барды. Кәсіпорын өкілінің айтуынша, сапаны қадағалау жүйесі өндірістің барлық кезеңдерін қамтиды. Өндіріс ошағына жеткізілген шикізат пен материалдар қатаң тексеріліп, барлық көрсеткіштер бойынша дайын өнімнің сапасы толық бақыланады.

Сондай-ақ министрлік өкілдері мен депутаттар "Аромат" ЖШС және "Orbis Heavy Machinery" ЖШС-де болды. "Аромат" ЖШС-парфюмерлік өнімдер өндіретін ірі кәсіпорындардың бірі. 2021 жылы компания өндірілген өнімнің жалпы көлемінің 80 пайызын экспорттады.  2022 жылдан бастап компания Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына шығуды бастады. Тауардың алғашқы үлкен партиясы Кувейтке жіберіліпті.

"Orbis Heavy Machinery" ЖШС жаңа зауыты Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Германия және Қытайдан жеткізілген технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Ауданы 9 мың шаршы метр кешенде дәнекерлеу, бояу және құрастыру бойынша өндірістік алаңдар, сондай-ақ қондырмаларды өндіру цехы бар.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында №1 Индустриялық парк аумағында инфрақұрылымның аяқталмауы және инженерлік коммуникациялардың болмауы, АЭА қатысушыларына жер учаскелерін беру жөніндегі тәртіпті белгілеу және қызметтің басым түрлерін кеңейту мәселелері талқыланған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу