Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады

230

Екі ел арасында қандай жобалар жүзеге асады?

Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жетекші жоғары оқу орындары арасында ғылым және технология бағыты бойынша байланысты дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда екі тарап "Люмьер" қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл мектептер жастардың ең жоғары стандартқа сай білім алуына мүмкіндік беретін орталыққа айналары сөзсіз. Қазақстан Францияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен қарым-қатынасты нығайта түсуге дайын, – деді Президент.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.

– Барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз халықаралық деңгейде күш жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеуге келістік. Жақында One Water Summit жиыны өтеді. Екі елдің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан осы басқосуға дайындық барысын талқыладық. Бұл өте маңызды диалог алаңы болмақ. Сол арқылы біз климаттың өзгеруі мен "жасыл" экономика мәселесіне қатысты әріптестігімізді жандандыра түсеміз деп сенемін. Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Бұл сапар Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың стратегиялық сипатқа ие болғанын айғақтайды. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастық жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу