"Астана-Жезқазған" пойызында қыз бала дүниеге келді, деп жазады inbusiness.kz "Қазақстан теміржолшысы" порталына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде пойызда түсірілген видео тарады.
"5 желтоқсан күні Астана-Жезқазған бағытындағы 66/65 пойызында 2001 жылғы жас әйел сағат 11:17-де қыз баланы дүниеге әкелді. Пойыз бастығы Индира Құлмаханова мен жолаушылар жүкті әйелдің босануына көмектесті", - делінген хабарламада.
"Қазақстан теміржолшысы" порталындағы ақпаратқа сәйкес, 5 желтоқсан күні Қарағанды-Жезқазған аралығында Астана-Жезқазған бағытында жүретін № 66 жолаушылар пойызының пойыз бригадасының қызметкерлері сәбидің өмірге келуіне көмектескен.
"Жұбайымен бірге Қарағандыдан Жезқазғанға бет алған жүкті әйелдің жолда толғағы басталған. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалды. Пойыз бастығы Индира Құлмаханованың айтуынша, пойыз бригадасы нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істеп, пойыз жүргізушісіне болған жайтты хабарлады, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем қызметі шақырылған", - деп жазылған ақпаратта.
Индира Құлмаханованың теміржол саласында жұмыс істегеніне 17 жыл, оның ішінде 9 жыл Тальго жолаушылар пойыздарында еңбек етеді.
"Компаниямызда қалыпты емес жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйретеді. Біз жолаушыларымызға әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз", - деді ол.
Жезқазған станциясына жеткен соң жолсеріктер босанған әйелді сәбиімен бірге жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.