Осы жылдың 7-14 наурызы аралығында Астана қаласының ІІД ЖПҚ мен ӘПБ қызметкерлері бірлесіп пайдалану талаптарына, техникалық регламенттеріне, стандарттарына және ережелер нұсқауына сәйкес келмейтін көлік құралдарын пайдаланған тұлғаларды анықтауға бағытталған "Ақауы бар көлік құралы" жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны өткізу барысында нарядтардың тығыздығы арттырылды, сондай-ақ, ақауы бар техникалық көлік құралдарын пайдаланудың жолын кесуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп, түнгі кезеңде мас күйде көлік құралын жүргізгендерді анықтауға бағытталған жұмыстар күшейтілді.
"Ақауы бар көлік құралы" жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы бері полиция қызметкерлері 1818 жол жүру ережесін бұзған көлік жүргізушісін анықтады, оның ішінде көлік құралын басқару барысында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағынбағандар саны - 547, маневр ережелерін бұзғандар саны - 59, мас күйде көлік құралын жүргізгендердің саны - 33, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кеткендер - 51, техникалық тексерістен өтпегендердің саны - 106, авариялық жағдай туғызғандар - 8, сыртқы жарық түсіру шамдарын пайдалану қағидаларын бұзғандар саны - 187.
Сонымен қатар, аталмыш жедел алдын алу іс-шарасы басталғалы көлік құралын пайдалануға тыйым салынғандардың саны - 78, ал 67 көлік айып тұрағына қойылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.