Астана қаласында "Қауіпсіз көлік" акциясы басталды, оның шеңберінде құтқарушылар бірқатар іс-шаралар өткізбек, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.
Акцияның мақсаты – қала қонақтары мен тұрғындарына, көлік иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңыздылығын жеткізу. Себебі көліктерде орын алатын өрттердің басым бөлігі жүргізушілердің салғырттықтары салдарынан орын алады. Акция аясында Астана қаласы ТЖД қызметкерлері өрт қауіпсіздігі нормалары мен ережелерінің сақталуы бойынша насихаттық жұмыстарын жалғастыратын болады.
Автокөліктегі өрттің алдын алу үшін келесі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет:
* Қыста ауа температурасы төмен кезде автокөлікті қыздыру үшін ашық отты пайдалануға болмайды.
* Аккумуляторды тікелей көлік құралдарында қуаттауға болмайды.
* Жарықтандыру үшін ашық от көзін пайдалануға болмайды.
* Көлік құралдарының жанармай бактарын ашық қалдыруға болмайды.
* Тек қана қозғалтқышқа емес, автокөліктің электр бөлігіне де уақытылы техникалық қызмет көрсетуден өткізіп тұру керек.
* Автокөлікті өрт сөндіргішпен қамтамасыз ету керек.