Елордада 26 мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге орай "Астана – рухы мықты адамдар қаласы" бағдарламасының аясында "Мейірім" І балалар шығармашылығының инклюзивті музей фестивалі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Фестивальдің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі музей келушілерінің ой-өрісін кеңейту, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытып, қиялдарын ұштау, балаларды инклюзивті қоғамда тәуелсіз өмірге, шыдамдылық пен түсіністікте тәрбиелеу.
Фестиваль қарсаңында арнайы білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге байқау жарияланды. Байқауда барлығы 400-ге жуық бала бақ сынауда. Оның ішінде 100-ден аса бала бейнелеу өнері (сурет, қолдан бұйымдар жасау) бойынша, 200-ден аса бала орындаушылық өнер (вокал, би өнері, аспаптарда ойнау, көркемсөз оқу) бойынша қатысты. Олардың ішінде 120 бала гала-концертке өтті.