М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында "Шашу" халықаралық өнер фестивалі ашылады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Шараны ұйымдастырушы – Астана қаласының білім басқармасы, М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайы, "ART-ШАШУ" ҚҚ.
Фестивалдьдің мақсаты – түрлі мемлекеттегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы мәдени және достық қарым-қатынасты нығайту, шығармашылықты қолдау және дамыту, шығармашылық ұжымдардың өнер жетістіктерімен және тәжірибесімен бөлісу, балалар мен жасөспірімдерді Қазақстанның мәдени байлығымен таныстыру.
"Шашу" халықаралық фестиваліне еліміздің дарынды балалары және жастары, сонымен қатар Ресей Федерациясының, Саха (Якутия) Республикасының, Қырғызстанның шығармашылық ұжымдары қатысады. "Вокал", "хореография", "инструменталды жанр", "халық әні" іспетті жанрлар бойынша 700-ден астам қатысушы өз шеберлігін сынайды. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының өнер қайраткерлері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері, эстрада жұлдыздары бар.
Фестивальдің алғашқы күні жас өнерпаздар "хореография" жанрында өздерінің қарым-қабілетін сынға салады. 26 наурызда шығармашылық эстафетаны "вокал" жалғастырады, 27 наурызда қатысушылар "аспап" және "халық әні" жанрында өзара бақ сынайды.
29 наурызда жеңімпаздарды марапаттау салтанаты және Гала-концерт өтеді.