Астанада "Ұлы дала елі" отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы өтуде

2023

Астанада "Ұлы дала елі" отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы өтуде

Астанада "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауы мен "Ұлы дала елі" отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы өтуде.

"Ұлы дала елі" форумы отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылатын іс-шара.

Отандық тауар өндірушілердің ІІ "Ұлы дала елі" форумы Қазақстан кәсіпкерлерін қолдауды көздейді және оның аясында белді тұлғалар сұрақтарға жауап беріп, В2В сипатында кездесулер өтеді.

"Ұлы дала елі" брендін қолдану құқығы жыл сайын, Қазақстан брендін халықаралық ауқымда алға жылжытуға ден қойған, үздік отандық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге табысталады. Байқауда ірі, орта және шағын бизнес өкілдері қатар бақ сынауда.

"Ұлы дала елі" белгісі сапалы өнімдер мен қызметтерді бір бренд аясында біріктіруге, ел абыройын асқақтатуға мүмкіндік береді. Бір жағынан бұл, жеңімпаздарға қосымша мүмкіндіктер мен жеңілдіктер ұсынылатынын ескерсек, тауар өндірушілерге қозғау салып, ынталандырар болса, екінші жағынан, Қазақстанның халықаралық ортадағы беделін өсіре түседі.

Көрме отандық өндірушілердің тауарының сапасына көз жеткізіп қана қоймай, әріптестік қарым-қатынастарды және өзара ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

"Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауы мен "Ұлы дала елі" отандық тауар өндірушілер форумының қатар өткізілуі, елдегі ірі тапсырыс берушілер (мемлекеттік мекемелер, ұлттық холдингтер мен компаниялар) мен отандық тауар өндіруші кәсіпорындарды ортақ арнаға табыстыруға мүмкіндік беріп, оның аясында өткен В2В сипатындағы кездесулерде аталған саладағы көптеген мәселелер талқыға түсті.

"Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауы отандық өнімдердің сапасын көтеру мақсатында жеке және заңды тұлғалардың белсенділігін көтеріп, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз етуге; отандық және халықаралық стандарттар негізінде қазіргі заманғы басқару тәсілдерін енгізуге алғышарттар жасап, кеңінен қолданысқа енгізуге септесуге; сапа түйткілдерін тарқатуға өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын аударуға бағытталған.

"Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауы үш аталым бойынша өткізіледі: "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар"; "Халық тұтынатын үздік тауарлар"; "Үздік азық-түлік тауарлары".

Қос шарада өңірлік байқауларда жеңіп шыққан 145 отандық компания қатысып, өнімдерін назарға ұсынды. Байқау жүлдегерлері әр аталым бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі "Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауының белгісі және дипломдармен марапатталады.

Жеңіске жеткен тараптар төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолдана алады.

"Қазақстанның үздік тауары" республикалық көрме-байқауын Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырса, өңірлік "Қазақстанның үздік тауары" көрме-байқауларын елдің 14 өңірі мен Астана және Алматы қалаларында орналасқан Кәсіпкерлер палаталары өткізеді.

19 қараша "Ұлы дала елі" отандық тауар өндірушілердің ІІ форумы аясында Әйелдер кәсіпкерлігі күні – Women's Entrepreneurship Day өтеді.

Отандық тауар өндірушілер көрмесін 18-19 қарашада тамашалауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу