Астанада жедел-профилактикалық іс-шара барысында есірткі заттарын сақтаған 28 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция мәліметінше, күдіктінің пәтеріндегі шкафтардың бірінен таратуға алдын ала дайындалған есірткі салынған пластик түтікшелер табылған. Барлығы 100-ден астам бөлшектелген каннабис шайырының дозасы табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар есірткіге ұқсас зат салынған ыдыс, электронды таразы және заттарды өлшеп, буып-түюге арналған басқа да құралдар анықталған.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы бір келіден асқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция есірткі заттарын сақтау, дайындау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.