Тиісті ақпаратты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратты, деп жазады inbusiness.kz.
Ақпаратқа сәйкес, 26 сәуір сағат 11:00-де Байқоңыр ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығында "Қазақстан – біздің ортақ үйіміз" атты мерекелік ақпараттық-тақырыптық кездесу ұйымдастырылады. Бір сағаттан кейін осы орталықта Сарыарқа ауданында "1 мамыр – көктем мен еңбек мерекесі" атты концерттік бағдарлама өтеді.
27 сәуірде Мұғалімдер аллеясында "Өнерлі қол – бақытқа жол" жобасы аясында кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сол күні сағат 11:00-де "Нұрлы жүрек" әлеуметтік қызмет көрсету орталығы "1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні" концерттік бағдарламасын, ал "Қамқор" орталығы – "Бір шаңырақ астында" флешмобын өткізеді.
"28 сәуірде Достық үйінде "Мемлекеттік тіл – қазақ тілі еліміздегі тұрып жатқан барлық қазақстандықтарды біріктіретін күш" тақырыбында дөңгелек үстел өтеді. Елорданың жоғары оқу орындарында тақырыптық тәрбиелік сағаттар, квиздер өтеді. "Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында сағат 11:00-де "Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін" концерттік бағдарламасы, "Үміт" дағдарыс орталығында – "Көңілді старттар" жарысы, "Жансая" орталығында балаларға арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Бұдан бөлек Esil University-де Қазақстан этностарының салт-дәстүрлеріне арналған конкурс, Е.Серкебаев атындағы №3 балалар музыкалық мектебінде "Менің елім – Қазақстан" концерті ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.
С.Сейфуллин мұражайы 28 сәуір мен 3 мамыр аралығында "Бақыт жолында" көрмесіне шақырады.
29 сәуірде Сарыарқа ауданының 25 жылдығына және 1 мамыр мерекесіне орай тұрғындар арасында спартакиада өтеді. Жазушылар аллеясында этномәдени бірлестіктердің, мәдениет және білім беру объектілерінің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
1 мамыр 11:00-де Жазушылар аллеясында ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді. Триатлон саябағында этномәдени бірлестіктер мен елшіліктердің өкілдері салтанатты түрде ағаш отырғызады.
"Бәйтерек" монументі мен қала алаңының жанындағы алаңда сағат 12:00-де мерекелік іс-шаралар басталады. Бұл күні елордада субұрқақтар іске қосылады.
"Бұдан басқа спорттық-бұқаралық іс-шараларды EXPO халықаралық көрме орталығының, "Ататүрік", "Көктал" саябақтарының, "Қазақ елі" монументінің маңында өткізу жоспарланған. Триатлон саябағында спортсүйер қауымды мерекелік марафон күтіп тұр. Бұл күндері аудан әкімдіктерінде көпбалалы аналарға "Алтын алқа" және "Күміс алқа" төсбелгілері табысталады", - деп хабарлады әкімдік.